Аудиторлар Алматы шенділерінің 5 жылдағы былығын ашты
Алматы қаласында бюджет қаражаты мен активтерінің пайдаланылу тиімділігіне мемлекеттік аудит жүргізілді, деп хабарлайды Masa media.
Негізсіз төленген субсидиялар, игерілмеген инвестициялар
2020 жылдың басынан 2025 жылдың қыркүйегіне дейінгі кезеңді қамтыған аудит барысында жоспарланған іс-шараларды толық қаржыландырмау практикасы анықталды. Бюджеттік инвестициялық жобалар санының өскеніне (2022 жылғы 365-тен 2025 жылы 529-ға дейін) қарамастан, оларды іске асыруда кемшіліктер бары белгілі болды.
Мысалы, 2021 жылы жасалған «Жас Қанат» шағын ауданында 41 көппәтерлі үй салу жобасы бойынша аудит кезінде 7 үй құрылысы аяқталмаған, ал тағы 12-сі іргелес аумақтың абаттандырылмауына байланысты коммуналдық меншікке берілмеген.
«Тексеру барысында Қалалық мобилділік басқармасының жұмысына қатысты да көптеген сұрақ туындады. Басқарма 2022-2025 жылдары тасымалдаушыларға 2,3 млрд теңгеге негізсіз субсидиялар төлеуге жол берген. Аудиторлық қорытындыға сәйкес Жер қатынастары басқармасы жер учаскелерін бөлу кезінде ашықтықты арттырып, олардың нысаналы пайдаланылуына бақылауды күшейтуі қажет», – деп мәлімдеді Жоғары аудиторлық палата.
«Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының жұмысын да аудиторлар тиімсіз деп тапты. Мәселен, тұрғын үй құрылысына арналған шамамен 30 млрд теңге бюджеттік инвестициялар үш жылға жуық игерілмеген күйінде қалған. ӘКК сонымен қатар азық-түлік бағасын тұрақтандыруға толық көлемде қол жеткізе алмаған.
Аудит қорытындысы
Жалпы аудит қорытындысы бойынша 203 млрд теңгеден астам сомаға қаржылық бұзушылықтар анықталды.
«Тексеру жүргізу кезінде оның 26 млрд теңгеден астамы өтелді, сондай-ақ есепке алу бойынша және жұмыстарды орындау жолымен 83 млрд теңгеден астамы қалпына келтірілді. Әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бар 417 факт бойынша материалдар әкімшілік іс жүргізуді қозғау үшін уәкілетті органдарға берілді», – дейді аудиторлар.
17:15
75
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.